Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында мал ұрлау тобын қылмыс үстінде ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жеңіл автокөліктің салонынан қылмыс қарулары, яғни тіркелмеген патрондарымен атыс ойық карабині, балталар мен пышақтар тәркіленіп алынды, сондай-ақ автокөліктің жүксалғыш бөлігінен жылқының тұтас еті табылды.

25 және 42 жастағы екі сыбайлас Жарма ауданының тұрғындары еркін жайылымнан ұрланған жылқыны атып, оны бірнеше бөліктерге бөлшектегені анықталды, бұл ретте жылқының
терісін сыпырып алмай, тек басы мен аяқтарын ғана кесіп, жылқыны автокөліктің жүк салғышына салған.

– Тергеу барысында олардың Семей қаласы, Жарма, Бесқарағай және Аягөз аудандары аумағында 13 мал ұрлау фактісіне қатысы бар екендігі дәлелденді. Мал иелеріне төрт миллион теңгеден астам шығын келтірілген, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті басшысы Сағат Мәдиев.

Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, Жарма ауданы полиция бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мал ұрлау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Күдіктілерге қатысты тергеу шаралары жүргізіледі, сондай-ақ олардың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 85 мал ұрлығы тіркелген, оның ішінде 80 % ашылған.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру