Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мал ұрлаушылар қылмыс үстінде ұсталды

Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданып, түнде сиырын ұрламақ болған ұрылардың көлігі жол бойында бұзылып тұрғанын көріп, хабарлама түсіреді.

Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта белгісіз екі адам ауласына жасырын кіріп, қорасындағы сиырын алып, шығып бара жатқан жерінен иесі көріп қалып айқайлаған. Ұрылар сиырды тастай салып, келген көліктерімен оқиға орнынан қашып кеткен. Ұрылардың көлігін, оның нөмірін көріп қалған тұрғын, таңертең жол бойында тұрып қалған ұрылардың көлігін бірден танып, полицейлерге хабарласады.

Аталған мал ұрлығы жайтына байланысты полицейлер көрсетілген мекен-жайға тез арада жетті. Осылайша, өзгенің қорасына түсіп, малын ұрламақ болған жігіттерді полицейлер бір сағат ішінде ұстайды.

Тергеу барысында бұл қылмыстық топ құрамында бес жігіт болғаны белгілі болды. Олардың
кейбірі ағайынды болса, келесілері дос болып шықты.

Күдіктілер тергеу жұмыстары кезінде Қазығұрт ауданында бұдан басқа үш мал ұрлығына қатысы бар екендіктерін мойындады. Ұрылардың айтуынша, олар тұрғындардан ұрлаған сиырларды сойып, ет күйінде өткізіп отырған. Одан бөлек, Сарыағаш ауданында ет комбинатынан ет ұрлағандары да анықталды.

Жалпы, Сарығаштан үш жайт шықты. Қазығұрт ауданындағы тұрғындарға келтірілген шығын көлемі екі миллионға жуық теңгені құрады. Аталған жайттар Қазығұрт аудандық полиция бөлімшесінде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабымен (мал ұрлығы) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің екеуі қамауда, үшеуінің бас шарасы қолхатпен босатылды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға төрт-түліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Мал ұрлығын болдырмау, алдын алу мақсатында сенімді адамдардан бақташы жалдаңыздар.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру