Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері мен дін өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің № 77 мекемесінде мемлекеттік органдардың қызметкерлері, облыстық дін істері басқармасының және ақпараттық-насихаттық ұйымдарының теологтары, имам өкілдері мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекемеде экстремизм мен терроризм бабы бойынша сотталғандармен өткізілген іс-шараларды талдау мақсатында экстремистік және террористік идеологиядан дәстүрлі діни көзқарасқа бейімдеу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, сотталғандармен топтық дәрістерді өткізу, жеке қабылдап, ой-пікір алмасу, иман негіздері туралы көбірек түсіндіру бағытында жұмыстарды жүргізу керектігі айтылды.
– Біз тергеу изоляторының оқшауланған аймақтарда экстремизм мен терроризм баптары бойынша сотталғандармен жұмыс жасаймыз. Биылға арнайы жоспар жасақтап, әр түрлі ұйымдардың қатысуымен кездесулер, дәрістерді жиі өткізуді шештік, – деді №77 мекемесінің теолог-инспекторы Мұрат Орынбай.
Кездесу соңында қатысушыларға өз құзыреті шегінде сотталғандармен жұмыс жасау бағытында тиісті міндеттері жүктелді.