Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында “Абайлаңыз – балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

Маңғыстау облысында “Абайлаңыз – балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері Маңғыстау облысында балалардың қатысуымен 22 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол-көлік оқиғаларының салдарынан бір жасөспірім көз жұмып, 26 бала әртүрлі дене жарақаттарын алды.

Оқу жылының басталуы қарсаңында балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу, сондай-ақ балаларды көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысқа дағдылау мақсатында Маңғыстау облысы аумағында 23 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында “Абайлаңыз-балалар!” жедел-профилакикалық іс-шарасы өткізілуде.

Оқу жылы қарсаңында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдары мен оларға іргелес аумақтар орналасқан жерлерде көше-жол желісінің және жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарының жай-күйін тексеруді ұйымдастыруда.

Осы жедел алдын алу іс-шарасының басынан бастап Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп жалпы білім беретін, мектепке дейінгі мекемелер, қосымша білім беретін балалар ұйымдары орналасқан жерлерде және оларға іргелес аумақта көше-жол желісінің және жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарының пайдалану жай-күйін қарау мақсатында 50-ге жуық тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижелері бойынша 45 жазбаша ұйғарым дайындалып, жаяу жүргінші-балалардың қозғалысы үшін қауіпсіз жол жағдайларын жасау бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жіберді.

Нұсқамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар мектеп жанындағы жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыруды, оқушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жол төсемі мен жасанды жол кедергілерін қалпына келтіруді жүргізуде. Іс-шараның төрт күнінде облыс бойынша алты реттелмейтін жаяу жүргінші сары-ақ түске боялып, 60 жол белгілері ауыстырылды. Сондай-ақ жолдарға 10 жасанды кедергілер орнатылды.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оларға жол бермеу, халықтың назарын аудару мақсатында қала шегінде орналасқан LED-экрандарда және автобустарда тақырыптық бейнероликтер көрсетілуде. Сондай-ақ қоғамдық орындарда полиция қызметкерлері санитарлық нормалардың барлық талаптарын сақтай отырып, ата-аналар мен балалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар полиция балаларды балалар орындықтары немесе арнайы ұстау құрылғылары жоқ тасымалдаушыларға назар аударады, осылайша жүргізушілердің қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауына көңіл бөлуде.

– Балалар – біздің болашағымыз, сондықтан олардың өмірі мен денсаулығына ештеңе қауіп төндірмеуі өте маңызды. Ал жол әлі де жарақаттану мен өлім-жітім қаупі жоғары орын болып қалатындықтан, бала кішкентай кезінен бастап жол қозғалысы ережелері мен көшеде өзін қалай ұстау керектігі туралы білуге тиіс. Қазіргі уақытта “Абайлаңыз-балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасының дайындық кезеңі өткізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі де жалғасатын болады, – деп атап өтті Маңғыстау облыстық полиция басшысы Жанарбек Бақтыбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру