Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицейдің есімі көшеге берілді

Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицейдің есімі көшеге берілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Есет ауылында қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Бекенов Қайрат Әбенұлының есімі берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Еске алу шарасына Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары А. Мұқан, Бейнеу ауданының әкімі Р. Шалбаев, марқұмның отбасы мүшелері, ішкі істер органдарының ардагерлері, әріптестері, қоғам өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсім барысында қатысушылар Қайрат Әбенұлының рухына тағзым етіп, оның қызметтік борышына адалдығын, ерлігі мен жанқиярлығын ерекше атап өтті. Оның ерлігі Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі, ал есімі – ар-намыс пен антқа адалдықтың символы екені айтылды.

Шара барысында азаматтардың қауіпсіздігі жолында жанын қиған полиция қызметкерлерінің ерлігін ұлықтау – мемлекет пен қоғамның қасиетті парызы екені атап өтілді. Батыр полицейдің есімін туған жеріндегі көшеге беру – оның ерлігіне көрсетілген зор құрмет әрі жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды үлгісі.

Еске сала кетейік, полиция сержанты Қайрат Бекенов қызметтік міндетін атқару кезінде қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін ол қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі "Айбын" мемлекеттік орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы оның отбасына Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов арнайы табыстаған болатын.

Қайрат Бекеновтің есімі Маңғыстау облысының және Қазақстанның ішкі істер органдарының тарихында батылдықтың, жанқиярлықтың, Заңға, Отанға және халқына адал қызмет етудің символы ретінде мәңгі сақталады. Оның ерлігі жас полиция қызметкерлеріне әрдайым үлгі болып, жарқын бейнесі өңір тұрғындарының жүрегінде мәңгілікке орын алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру