Маңғыстау облысында шартты түрде сотталғандарға электронды білезіктер тағылды
Маңғыстау облысында жазасын шартты түрде өтейтіндерге және бас бостандығынан шектелгендерге электронды білезіктер тағыла бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Электронды білезік құралы ең алдымен жаза өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға қолданылады. Пробация қызметі талапты орындамайтын сотталғандарды осы арқылы бақылауға алмақ.
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне барлығы 41 электрондық бақылау құрылғысы бөлінді. Қазіргі таңда Ақтау қаласы – 12, Мұнайлы ауданы – 9, Жаңаөзен қаласы – 9, Бейнеу ауданы – 3, Қарақия ауданында бір білезік бас бостандығын шектеу жазасына сотталғандарға, яғни қайта қылмыс жасауға бейім жазасын өтеушілерге тағылды.
– Білезіктің белбеуі оңайлықпен шешілмейді. Бұл құрал жеңіл, еш кедергі тудырмайды. Су өтпейді. Қуаты бірнеше күнге дейін жетеді, сотталған құралды үнемі қуаттандырып отыруға міндетті. Білезікті таққаннан кейін сотталғанның жүріс-тұрысын көріп, бақылап отырамыз. Ақпараттың барлығы планшетте болады, – дейді Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты пробация қызметіне басшылық ету бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрбол Тұрышев.