Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында дөңгелек үстел өткізілді

Маңғыстау облысында 15-26 қаңтар күндері аралығында республикалық “Тұрмыс” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Шара аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен “Достық үйінде” “Отбасы тұрмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстың жай-күйі” тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңейтілген отырысқа облыстық әкімдіктің аппарат басшысы Амангелді Халмұрадов, полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болатбек Ақшауов, жергілікті полиция қызметі басқармасының басшы және жеке құрамы, сондай-ақ білім, денсаулық басқармасы, мүдделі мемлекеттік және үкіметтік емес мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиын барысында полиция тарапынан зорлық-зомбылықтың алдын алу, орын алған құқық бұзушылықтарға қатысты қабылданған шаралар мен өткізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шаралар туралы баяндалып, жиналысқа қатысушылардың назарына ұсынылды.

Қоғамдағы отбасының рөлін күшейту және қыз-келіншектердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қайталанып жасалатын құқық бұзушылықты болдырмау, агрессорлармен жұмыс жасауға мемлекеттік органдар мен қоғам болып атсалысу мәселесі талқыланды.

Қазіргі таңда өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге шұғыл әлеуметтік көмек көрсету және оңалту мақсатында үш дағдарыс орталығы жұмыс істейді.

Өткен жылғы көрсеткішке сүйенсек, зорлық-зомбылыққа ұшыраған 689 азаматша мен 35 кәмелетке толмаған жасөспірімге заңнамалық және психологиялық тұрғыдан көмек көрсетілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру