Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау полициясы мүмкіндігі шектеулі балаларды мерекемен құттықтады

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаевтың тапсырмасымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай және Қазақстан полициясы күніне орай “30 игі іс” акциясы аясында маңғыстаулық полицейлер балалар үйіне, мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған отбасыларға барып, бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Департамент бастығының орынбасары Қандарбек Бахтыгереев бастаған бірқатар полицейлер Ақтау қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығына барып, балалардың мерекелік керемет кештерінің көрермені болды. Сахналық қойылым қойған балалар көрерменнің қолдауымен одан әрі жігерлене түсіп, өздерінің актерлік шеберліктерін көрсетті.

Барлық бала бақытты болу үшін, күліп өмір сүру үшін жаралған. Өңірдің тәртіп сақшыларының да бар мақсаты – осы жеткіншектердің жүзіндегі күлкіні көру. Әр мереке сайын балаларға барып, сыйлықтарын табыстап, хал-жағдайларын сұрау полицейлер үшін әдетке айналған. Бұл жолы да құр қол бармады. Орталыққа қажетті техника, басқа да керек-жарақтар түріндегі сыйлықтарын табыстап, балаларға арнап тағамдар мен сусындарын да ала барды.

Өз кезегінде Қандарбек Бахтыгереев орталықтың ұжымын, балаларды мерекесімен құттықтап, өз тілегін жеткізді.

– Ешқашан өздеріңізді жалғызбыз деп ойламаңыздар. Сіздерге әрдайым көмек қолын созатын біздер бармыз. Біз сіздерді ұмытпаймыз. Биыл біздердің таныстығымызға төртінші жыл болып жатыр. Төрт жыл бұрынғы кішкентай балалардың бүгінгі күнде қалай ер жетіп қалғандарының куәсі болып отырмыз. Бұл орталық тәрбиелеушілерінің үлкен жетістігі деп білемін. Алдағы уақытта да біз сіздерге келіп тұрамыз, – деді сөз соңында Қ. Бахтыгереев.

Шара соңында аталмыш орталықтың басшысы барша тәртіп сақшыларына қиын да қарбалас жұмыстарының арасында ұмытпай, әрдайым көмек қолын созып тұратындықтары үшін алғысын білдіріп, департамент бастығына дайындаған алғыс хатты табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру