Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылдық полицейлер мектеп оқушылары арасында шағын футболдан турнир өткізді

Жамбылдық полицейлер мектеп оқушылары арасында шағын футболдан турнир өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні спорт кешенінде Жамбыл облысының полицейлері мен “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамдық бірлестігі мүшелерінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында шағын футболдан турнир өтті.

Тәртіп сақшылары үшін осындай іс-шараларды ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Олардың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуын қалыптастыру, өйткені футбол тек жалпы дене шынықтыруды, тәртіпті ғана емес, сонымен қатар командада жұмыс істей білуді де жақсы қалыптастырады.

Мектеп оқушылары арасындағы шағын футбол турниріне бес команда қатысты. Балалар жеңіске деген шынайы ынтасын, үздік болуға деген ұмтылысын барынша көрсетті. Жарыс қызықты және тартысты жағдайда өтті. Барлық қатысушылар жағымды әсер алды.

Ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды №3 мектеп-лицейінің оқушылары жеңіп алды. Екінші орынды № 8 гимназияның оқушылары иеленсе, үшінші орынға №42 орта мектептің оқушылары табан тіреді.

Үздік шабуылшы болып №42 орта мектеп оқушысы Жамалбек Баймырза атанса, үздік қақпашы №12 мектеп-гимназиясының оқушысы Төленді Сағындық болды. Үздік қорғаушы №3 мектеп-лицейінің оқушысы Рысдәулет Аян, ал турнирдің үздік ойыншысы болып №8 гимназиясының оқушысы Сайыпқыран Әли танылды.

Спорттық іс-шара соңында полицейлер оқушыларға тартысты ойын көрсеткені үшін алғыс айтып, спортпен шұғылдануға және теріс қылықтардан аулақ болуға шақырды. Турнирдің барлық қатысушылары кубоктармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды, ал облыстың ПД Есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасының қызметкерлері балаларға балмұздақ таратты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру