Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда полицейлер оқушыларға спорттық секцияларға тегін жолдама берді

Атырауда полицейлер оқушыларға спорттық секцияларға тегін жолдама берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ қазіргі уақытта жасөспірімдерге арналған секциялар мен үйірмелердің ақылы негізде жүзеге асырылатындығын, сол себептен көптеген ата-ананың материалдық тұрғыдан балаларын қосымша сабақтарға қатыстыра алмайтындығын негізге ала отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жасөспірімдер ортасында криминогендік шиеленісті азайту мақсатында ішкі істер органдарының барлық ведомстволық спорт залдарында кәмелетке толмаған балалар үшін тегін сабақтар өткізу туралы нұсқау жолдаған болатын.

Осы нұсқауға сәйкес, Атырау қаласы Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері спорт кешеніне жасөспірім балаларды алып барды. Онда балалар егеменді еліміздің көк байрағын биікке көтеріп жүрген спорт шеберлерімен кездесті. Бүгінде олар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жасөспірімдерді салауатты өмір салтын сақтауға, нашақорлықтан аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ, кездесуде балалар блогерлермен кездесіп, түрлі спорттық шараларға қатысты.

Одан басқа тәртіп сақшылары спорттық мектептерге балаларды ары қарай да қатыстыру мақсатында қалалық білім беру ұйымдарынан алынған жасөспірімдердің тізімін жолдады. Енді олар тегін спорттық секцияларға қатыса алатын болады.

Сондай-ақ, Атырау облысы Полиция департаментінің Тергеу және анықтау басқармасы қызметкерлері ерекше балаларға арналған интернат үйіне барып, тәрбиеленушілермен кездесіп, интернат үйіндегі балаларды мерекемен құттықтап қайтты. Тәртіп сақшылары кездесу сәтінде жасөспірімдердің патриоттық рухын көтеру, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында патриоттық әндер орындап, балаларға арналған көңілді ойындар ұйымдастырды. Кездесу соңында тәртіп сақшылары балаларға арнайы алған сыйлықтарын табыс етті.

– Мереке күні барлық балалар мерекелік көңіл-күйде болу керек деген мақсатта қызметкерлермен бірге осы білім беру ұйымындағы балаларды құттықтап, мерекені бірге өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Бар жақсылық балаларға, бүлдіршіндердің қуанғаны біз үшін бағалы, – деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев.

Мереке соңында тәртіп сақшылары балалармен естелік суретке түсіп, балаларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру