Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау жастарына құқық бұзушылықтың салдары түсіндірілді

Маңғыстау жастарына құқық бұзушылықтың салдары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Маңғыстау облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері Ақтау қаласындағы колледж студенттеріне арналған уақытша ұстау изоляторында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта ұйымдастырылған экскурсия көрнекі-профилактикалық сипатта өтіп, студенттерге құқыққа қайшы әрекеттердің салдарын нақты көрсетуге және заң талаптарын қатаң сақтаудың маңызын түсіндіруге бағытталды.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қатысушыларды уақытша ұстау изоляторының жұмыс тәртібімен таныстырып, ұсталған азаматтарды ұстау жағдайлары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ құқық бұзушылық жасаудың құқықтық салдары түсіндіріліп, әрбір ойланбай жасалған әрекет адамның болашағына және өміріне елеулі кері әсер етуі мүмкін екені атап өтілді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, жеке жауапкершілікті арттыру және заң талаптарын мүлтіксіз орындау қажеттілігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан толық әрі нақты жауап алды.

Мұндай іс-шаралар жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және әрбір азаматтың өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру