Абай облысында пробациялық бақылау талаптарын бұзған сотталған бас бостандығынан айырылды
Абай облысында сотталған пробациялық бақылау талаптарын бұзып, электрондық бақылау құралын істен шығарып, бүлдіргені үшін бас бостандығынан айырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
31 жастағы Абай облысының тұрғыны ұрлық жасағаны үшін 3 жыл 5 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталып, Абай облысы бойынша ҚАЖД Бесқарағай аудандық пробация қызметінің есебіне алынған.
Есепке қою барысында сотталған азаматпен кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Пробация қызметінің қызметкерлері оған үнемі тәрбиелік әңгімелер өткізіп, заң талаптарын түсіндіріп, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзудың салдары, сондай-ақ бас бостандығын шектеу жазасының нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін екендігі жөнінде ескерткен.
Алайда бірнеше рет жасалған ескертулер мен көрсетілген қолдауға қарамастан, азамат жазаны өтеудің белгіленген тәртібін жүйелі түрде бұзған. Атап айтқанда, оның жүрген жерін бақылауға арналған электрондық бақылау құралын бүлдіріп, пробация қызметкерлерін хабардар етпестен тұрғылықты мекен-жайынан өз бетінше кетіп, таныстарымен кездесу үшін басқа қалаға барған.
Жіберілген заң бұзушылықтарға байланысты сот шешімімен бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі 1 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
— Сол кезде таныстарыма қысқа мерзімге барып келуім және электрондық бақылау құралын бүлдіруім ауыр салдарға әкеледі деп ойламадым. Қойылған шектеулерге жеңіл қарадым әрі өз әрекеттеріммен сот талаптарын өрескел бұзып жатқанымды түсінбедім. Қазір пробация қызметі маған бас бостандығынан айырмай-ақ түзелуге, қалыпты өмірімді сақтауға, жақындарымның жанында болып, қоғамға біртіндеп қайта бейімделуге нақты мүмкіндік бергенін түсініп отырмын. Бірақ дұрыс қорытынды шығарудың орнына белгіленген тәртіпті бұзып, маған көрсетілген сенімді бағаламадым. Бүгінде өз әрекеттеріме шын жүректен өкінемін және болған жағдайға тек өзім жауапты екенімді түсінемін. Осындай жағдайға тап болған басқа адамдар менің қателігімді қайталамай, өз әрекеттерінің салдарын дер кезінде түсінсе екен деймін, — деді сотталған азамат.
— Сот белгілеген шектеулерді сақтау — есепте тұрған сотталғандар үшін міндетті талап. Бас бостандығын шектеу — адамға қоғамнан оқшауланбай түзелуге, отбасымен байланысын сақтауға және еңбекке орналасуға берілетін мүмкіндік. Әрбір сотталған өз әрекеттері үшін жауапкершілікті және белгіленген талаптарды сақтамаудың салдарын түсінуі тиіс. Жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзу заңда көзделген жауапкершілікке, соның ішінде бас бостандығын шектеу жазасының нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуына әкеп соғады, — деп атап өтті Бесқарағай аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Тоғжан Тоқтағанова.
