Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстауда қалтасында 5 млн теңгеден астам ақшасы бар азамат көшеде ұйықтап қалған

Маңғыстаулық тәртіп сақшысы көшеде ұйықтап жатқан азаматты анықтап, аталған азаматты қылмыстық қолсұғушылықтан қорғап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Учаскелік полиция инспекторының қызметі – әмбебап қызмет. Ол сеніп тапсырылған аумақта құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алады және профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, полиция инспекторының міндетіне белгіленген әкімшілік аймақты жоспарлы түрде аралау кіреді.

24 қаңтар күні  Ақтау қаласы 5-шағын ауданының учаскелік инспекторының көмекшісі Мұрат Мақсат аумақты патрульдеу кезінде подъезд жанында ұйықтап жатқан алкогольдік масаң күйдегі ер адамды байқаған. Аталған азамат жеке басын анықтау үшін учаскелік пунктке жеткізілген.

Кейіннен анықталғандай, ер адамның қалтасында 5 миллион теңгеден астам қаражат болған. Аталған азамат өз автокөлігін сатып, сол қуанышты атап өтемін деп осындай жағдайға тап болған.

Учаскелік полиция пунктіне азаматтың туыстары шақырылып, барлық қаражат пен жеке заттары туыстарына толық тапсырылды. Туыстары да, аталған азаматтың өзі де полиция қызметкерлеріне барлық соманы сол күйінде сақтап, табыстағаны үшін алғыстарын білдірді.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру