Маңғыстауда ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен 100-ден астам қылмыс ашылды
Маңғыстау облысында ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен 100-ден астам қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Ақтау және Жаңаөзен қалалары Полиция басқармалары Жедел басқару орталығының “102” операторлары азаматтардан түрлі сипаттағы 104 349 мың телефон қоңырауларын қабылдады. “102” мобильді қосымшасы арқылы 60-тан астам хабарлама келіп түсті.
Жедел басқару орталығының жұмысы қызметтер мен бөлімшелерді басқару мен үйлестірудің тиімділігін арттыруға, көшелер мен қоғамдық орындардағы жағдайға үздіксіз мониторинг жүргізуге, құқыққа қайшы әрекеттерді анықтауға және олардың алдын алуға көмектеседі.
ЖБО операторлары жыл басынан бері 17 105 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Мысалы, облыс орталығында ұсақ бұзақылық үшін 1 350 адам, спирттік ішімдіктер ішкені немесе мас күйінде қоғамдық орындарға шыққаны үшін 1018 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 6 058 жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін хаттамалар толтырылды. Облыс бойынша ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен бес айда 101 қылмыс ашылды. Қылмыстардың ішінде ұрлық, ұсақ бұзақылық, алкогольдік масаң күйде көлік жүргізу және есірткі заттарын заңсыз сақтау сияқты қылмыстар анықталды.
Бұл құрылғылар қылмыстың алдын алуға бағытталған, яғни азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғайды. Заңға бағынатын азамат бұл бейнекамералардан қорықпауы тиіс, керісінше қоғамға зиянын тигізетін құқық бұзушыларды анықтау үшін бұл таптырмас құрал.