Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мақтааралда төрт педофилге электронды білезік тағылды

Мақтааралда төрт педофилге электронды білезік тағылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтааралда төрт сотталғанға электронды білезік тағылды. Бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталған азаматтарға бұдан былай дәл осындай электронды бақылау білезігі тағылады. Оны шешкісі келсе, арнайы сигнал инспекторларға барады. Аптасына бір рет қуатталатын құрылғыны азаматтар өздерінің үйінде қуаттай алады.

– Бұл электронды білезік сотталғандарды бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайын тастап кетпеуге, қайта жасауы мүмкін қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды, егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса дабыл сигналы тәрізді белгі түседі. Сондай-ақ, сотталғандарда бір немесе екі ескерту болса, ол сотталғандарға білезік кигізіледі. Мысалы, бас бостандығын шектеуге сотталғандарға бір ескерту болса, оларға бір жылға дейін осы білезік тағылады. Ал шартты сотталғандарға мерзіміне қарай тағылады. Сотталғандарды мекенжайы бойынша кез келген уақытта тексере аламыз. Мекенжайы бойынша үйде немесе қайда жүргенін осы электронды білезікке қосылған планшет арқылы инспекторлар көріп отырады. Белгісіз бағытқа қарай кеткен жағдайда бірден сигнал түседі. Электронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылатын болады, – деді Мақтаарал аудандық пробация қызметінің бастығы Нартай Сабаев.

Мақтарарал аудандық пробация қызметі бастығының айтуынша, электронды білезік тағылған төрт сотталған да педофил. Оның біреуі сегіз жасар қызды зорлаған, екіншісі ер адамның еркінен тыс жыныстық қылмыс жасаған. Ал екеуі кәмелеттік жасқа толмаған қызға үйленген екен.

Сәкен есімді сотталған жігіттің әкесі электронды білезіктің болғанына қуанды. Қаршадай қызды зорлап, істі болған ұлы сыртқа шыққанда алаңдайтын әке енді көңілі енді тыныш.

– Балам кешкісін сыртқа шыққанда қатты уайымдайтын едім, дүкенге шығып, ары қарай басқа бағытқа кетіп қала ма деген қорқыныш қатты мазалайтын. Балам үйге келгенше уайымдап отыратынмын. Түрлі жағдай болады ғой. Бұрын жасаған қылмысын тағы қайталайды ма деген де ой болатын. Енді жанымыз тынышталатын болды. Себебі электронды білезік арқылы жұмысқа барып келетін бағыт белгіленген. Ол бағыттан ауытқып кетсе, бірден сигнал соғылады, – дейді сотталған Сәкеннің әкесі.

Электрондық бақылау құрылғысын аталған тізімдегі азаматтар бір жыл бойы шешпей тағады. Ылғалға төзімді құралдың құны шамамен 250-300 мың теңге. Сотталған бұл құрылғыны қасақана немесе абайсызда сындырып алған жағдайда жазаға тартылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру