Мақтааралдық полицейлер өзгенің көлігін ұрлап кеткен күдіктілерді анықтады
Мақтааралдық полицейлер өзгенің көлігін ұрлап кеткен күдіктілерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне Жетісай қаласының тұрғынынан автокөлік ұрлығы бойынша арыз келіп түсті. Ер адамның айтуынша, көшелерінің бірінен белгісіз біреулер оның құны 2,5 миллион теңге тұратын Lada Granta автокөлігін ұрлап кеткен.
Бұл факт ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркелді.
Автокөлікті заңсыз айдап кеткендерді іздеуге Мақтаарал АПБ-ның криминалдық полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары ауланы аралап, куәлардан жауап алды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аудандық полиция қызметкерлері Түркістан облысы ПД жедел басқару орталығының бақылау камерасының көмегімен екі күдіктіні анықтады. Олар Мақтаарал ауданының тұрғындары болып шықты. Жас жігіттер өздерінің теріс әрекеттерін мойындады.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.