Масаң күйде тыныштықты бұзған бес ер адам жолаушылар пойызынан түсірілді
Масаң күйде тыныштықты бұзған бес ер адам жолаушылар пойызынан түсірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 ақпан күні Сарышаған станциясында Астана – Шымкент бағытындағы жолаушылар пойызынан акт бойынша үш құқықбұзушы түсіріліп, көлік полицейлеріне берілді.
– Шу станциясында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру барысында 28 және 33 жастағы Шымкент қаласының тұрғындарын анықтады. Олар жол бойында ішімдік ішіп, балағат сөздер айтып, түнгі уақытта жолаушылардың тыныштығын бұзған, – деді көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов.
Оларға қатысты – ҚР ӘҚБтК 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу) , ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) және ҚР ӘҚБтК 437-бабының 1-бөлігі (Тыныштықты бұзу) бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 10 АЕК (34 500 тг) мөлшерінде айыппұл салынды.
Ұсақ бұзақылық бойынша материалдар сотқа жолданды.
– Дәл осындай фактіні Түрксіб станциясындағы ЖПб қызметкерлері де анықтады. Тәртіп сақшылары Ақтөбе – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызынан масаң күйде болған 30 және 35 жастағы Алматы облысының екі тұрғынын түсірді. Ер адамдар ҚР ӘҚБтК-нің бірден үш бабы бойынша 440-баптың 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу), 437-баптың 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық), 437-баптың 1-бөлігі (Тыныштықты бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 15 АЕК (51 750 тг) мөлшерінде айыппұл салынды, – деп түйіндеді.
Сондай-ақ, ол еліміздің көлік полицейлері ағымдағы жылдың басынан бері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 197 жолаушыны пойыздардан түсіргенін атап өтті, оның ішінде қоғамдық орындарға масаң күйде келгені үшін – 107, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 9, тыныштықты бұзғаны үшін – 3 және т.б (темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу, халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу және т.б.).