Мейірбан Мұқтар
Елге қауіп төнгенде әрдайым алдыңғы шепте қызмет ететін сақшылар бұл жолы да өз орнынан табыла білді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Індет жайлаған уақытта жұдырықтай жұмылып, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылған блокбекеттерді табандап тұрып қызмет етті. Тәулік бойы кірпік қақпастан қадағалау жүргізді. Алайда елімізде індеттің қауіптілігі ескертілсе де оған сенімсіздік танытып, салғырт қараушылардың салдарынан қаншама адам өмірімен қоштасып жатты. Әлемді жайлаған коронавирустен күн санап қайтыс болғандар саны көбейді. Өзгелердің өмірі үшін күресемін деп, өз ғұмырымен қоштасқандар үшін, антына адал болу жолында жастай солған полиция қызметкерлері үшін ешкім алаңдамады.
«Індет жоқ. Жәй ғана тұмау. Қолдан жасалып жатқан жағдай» деген сияқты сан түрлі алып қашпа сөздерді айтып, одан сайын елдің сеніміне селкеу түсіргендер де табылды. Блокбекеттерден тексеріп өткізгені үшін полицейлерге жұдырық ала жүгіріп, одан қала берді көлікпен қағып кетуден тайынбағандар да болды. Десек те қызметке берілген сақшылар өз міндеттерін ешқандай кедергілерге қарамастан атқарып шықты. Індет басылғанша жоғарыдан жүктелген тапсырманы жауапкершілікпен орындады.
Бірақ біз бүгінде кейбір қызметкерлер жайлы терең толғанып, өткен шақпен естелік айтуға мәжбүрміз. Солардың бірі Түркістан облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция тобының қызметкері Мұқтар Сарбаев. Ол жарығы ерте сөнген қызметкер, отбасының отағасы, төрт баланың асыраушысы, қызметінде көпке үлгі және достыққа болаттай берік адал жан еді.
Мұқтар 1988 жылы 28 қаңтарда Келес ауданында дүниеге келген. Әулетінде ешқашан полиция қызметкері болмаған соң, ата-анасы Мұқтарға барын беріп өсіріп, тәрбиелеп, оқуын оқытып, әрдайым тілеулес болды. Болашақта полиция қатарына қосылып, елге мінсіз қызмет еткенін қалады. «Өскенде мен полицей боламын, қылмыскерді ұстаймын» – деп армандайтын бала күнгі арманына қанат бітіп, жоғарғы оқу орнына да түседі. Мінезі жұмсақ та жайдары жігіт екі бірдей дипломның иесі атанды. Алматы қаласындағы Гончарев атындағы университет пен академияны ойдағыдай аяқтады.
Жұлдызай Халбаевамен танысып, 2011 жылдың сәуірінде Алланың қалауымен құсын қолына қондырып, отау құрды. Біртіндеп Мұқтардың отбасында іңгәләгән сәби үні естіле бастады. 2012 жылы Нұрсерік, 2013 жылы Нұртілеу, 2016 жылы Нұрәділ атты үш бірдей ізбасар ұлдары дүниеге келді. Ал 2017 жылы арпа ішіндегі бір бидай, көптен күткен қызы Нұрсая дүниеге келді.
Жас полицейдің еңбек жолына келер болсақ, Арыста жойқын жарылыс болып, ел бірлігі сыналған сәтте де Мұқтар өз қызметін жоғары деңгейде атқара білді. Бір ай бойы Арыс қаласындағы құтқару жұмыстарына тартылды. Қызметтік көлігімен үйлерінен шыға алмай қалып қойған, мүмкіндігі шектеулі жандарды құтқарып, қауіпсіз аймаққа жеткізді, ал үйінде қалғысы келгендерді дәрі-дәрмек пен азық-түліктермен қамтамасыз етті.
Ол өте мейірбан, тұла бойы қандай үлкен болса пейілі де сондай кең, ешқашан «жоқ» деп кесіп айтпайтын, көмек сұрағанда әрдайым дайын тұратын, досқа адал ағайынға бауырмал болды. Өзінің хоббиі ретінде атбегілікпен айналысып, Байторы деген атты соңғы бес жыл бойы баптап, көкпарға қатыстырып, үш ұлымды да осы спортқа баулысам деп алдағы жылын жоспарлап жүрген.
– Жұмысы оңай емес еді, маңызы бар жолдарды патрульдеп жүрді. Бір ай бойы блокбекетте қызмет етті. Алайда індет өршіген уақытта мазасы болмай, ауырып, жұмысқа шыға алмай қалды. Бірақ сонда да басшылары қоңырау шалып хал-жағдайын сұрағанда, «жақсы болсам шығамын жұмысқа, жазыламын» деп, айтатын. Оның ерік жігеріне қарап бізде ауруды аса қатты елемедік. Тұмау болып жатқан болар деп дәрі-дәрмек қабылдап жүрді. Емханаға барғанда, орын болмай, үйде емделді, – дейді жұбайы Жұлдызай.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында, ата-анасына әрдайым құрмет көрсетіп, ешқашан ешкімнің көңіліне қаяу салмаған жанашыр жан болатын. Әкесі Сапарбайдың Пайғамбар жасы мен үш ұлының сүндет тойын індет басылса дүркіретіп өткіземін деп армандады. Алайда арманына жете алмады. Сұм ажал уақытты өз еркіне бағындырып, алып кетті. Жолына қарайлап анасы, ұл-қыздарымен бірге жүрегі қан жылаған жары, артында жоқтап төрт бірдей әпкесі мен жалғыз інісі қалды.
Баптап жүрген аты Байторы үйірде жүрген жерінен, Мұқтардың жаназасы шығарылып жатқанда иесінің жан дүниесін терең ұғынғандай екі көзінен жас парлап, иесін соңғы сапарға шығарып салды.
Мұқтардың соңында қалған ұл-қыздарына әкенің жете алмаған арманына жетіп, аналарын жетістіктерімен қуанта бергейсіңдер, әрқашан аман-есен елдің арда азаматы болыңдар.
– Жұлдызай да, балаларым әкесінің жолын қуып, полиция қызметкері болады. Қазірден бастап, мен әкемнің ізбасары боламын деп айтады. Өкініштісі әкесі ұлдарының осы бір арманын естімеді, – дейді.
Қысқа ғұмырында Мұқтар Сапарбайұлы сегіз жыл ішкі істер саласында еңбек етіп, 2020 жылдың 8 шілдесінде індеттің тұзағынан қайтыс болды. Санаулы өмірінде қаншама адамға көмек қолын созып, баршаға мейірбан бола білген полицей еді. Алла артында қалған ұл-қызына ұзақ өмір бергей. Мұқтардың жарқын да жылы бейнесі әрқашан біздің жүрегімізде қала бермек.