Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Меркі ауданындағы жол қауіпсіздігі – басты назарда

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовтің тапсырмасы бойынша ПД патрульдік полиция батальонының күшімен Меркі ауданында жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жергілікті тексеру жұмыстарының осы ауданда жүргізілуі кездейсоқтық емес: соңғы уақытта мұнда жол-көлік оқиғаларының санының артуына байланысты жүргізушілердің көлік басқару тәртібін арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жұмыстарын жандандыруға назар аудару қажет болды. Мемлекеттік шекараның Қырғызстанмен шектесуі де криминогендік жағдайға өзінің теріс әсерін тигізуде.

Шын мәнінде, осы бағыттағы жұмысты жандандырудың қажеттігі туындап отыр, өйткені бір тәуліктің ішінде ППБ-ның 13 қызметкері мен жеті қызметтік автокөліктің көмегімен 91 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды.

Алғашқы болып мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз, әйнектері қараңғыланған “Mitsubishi Pajero” жол талғамайтын көлігі патрульдік полиция қызметкерлерінің назарын бірден аударды. Көлік иесіне қатысты ҚР ҚК 590-баптың 2-бөлігі (Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз көлік құралын басқару) және 5-бөлігі (Техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына жауап бермейтін көлік құралдарын басқару, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар немесе жағдайлар болған кезде) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.

Ескі “Audi” көлігінің жүргізушісі сол жерде әйнектің қараңғылайтын бөлігін алып тастауға мәжбүр болды, алайда, бұл оны 13 890 теңге айыппұл төлеу жауапкершілігінен босатпады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жол қозғалысының әрбір бұзушысына, егер ол айыппұлды тіркелген сәттен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей төлейтін болса, айыппұлдың жартысын ғана төлеуге мүмкіндігі бар екендігін мұқият түсіндірді.

Көлік кілтін бермеуге тырысқан немесе сырттан “қолдау” келгенге дейін уақытты созуға тырысқан жүргізушілер де кездесті. Алайда, полиция ешбір уәжді қабылдамай, заңдық тұрғыда жұмыс жасады. Нәтижесінде айыппұл тұрағына алты автокөлік қойылды.

Меркі ауылының тар көшелерінде жасырынуға тырысқан қара “Mercedes-Benz” жүргізушісінің соңынан ілесуге де тура келді. Ешбір жасырыну мүмкіндігі болмаған “пысық” жүргізуші смартфонын қосып, өзін жәбірленуші ретінде көрсетіп, бейнежазбаға түсіру жұмыстарын бастап кетті.

Патрульдік полиция батальонының командирі Серғазы Әбдіқұловтың айтуынша, мұндай жағдайлар жиі орын алады. Ең бастысы-заңның әрбір талабын қатаң сақтау, шыдамды, сабырлы және сыпайы болу.

Нәтижесінде бұл көлік айыппұл тұрағына қойылып, ал “әділдік үшін күрескерге” қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

– Ең көп тәртіп бұзушылықтар – бұл қауіпсіздік белдігін тақпаумен, көлік әйнектерін қараңғылаумен, құжатсыз көлік құралын басқарумен байланысты, – деді полиция капитаны.

Сондай-ақ, жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 23 бас ірі мүйізді қара, екі жылқы және 13 қойдың заңсыз тасымалдануының бес дерегі анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру