Нашақорлықпен күрес: Қызылорда облысының ПД брифинг өткізді
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай, Қызылорда облысының Полиция департаменті брифинг өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тұрахметов Ербол есірткі қылмысына қарсы іс-қимылбағытында 2020 жылдың бес ай 26 күнінде атқарылған жұмыстар жайлы айтып өтті.
Облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты 302 (2019 ж. 6 ай – 179) құқық бұзушылық анықталса, оның 61 (53) дерегі есірткі қылмысы, 241 (126) дерегі есірткі қылмыстық теріс қылығы. Сонымен қатар, 8 (7) есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, 15 (13) есірткі сату, 38 (30) есірткі өсіру деректері анықталды.
Есірткі өсіру деректерінің 32-і үй ауласынан, 4-і далалық аймақтан, 2-і мекеме ауласынан анықталды. Есірткі өсіргені үшін барлығы 32 тұлға ұсталса, оның 10-ы қамаққа алынды.
Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 80 кг. 864 гр. (20 кг. 674 гр.) марихуана, 14 мың 626 түп сора өсімдігі және екі дана атыс қаруы тәркіленді.
Жыл басынан атқарылған іс-шаралар нәтижесінде мысал келтіретін болсақ, биыл наурыз айында Қызылорда қаласының 28 жастағы тұрғыны 20 000 теңге ақшаға 17,95 гр. марихуана сатқаны үшін қылмыс үстінде құрықталып, қамаққа алынды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Сәуір айында Арал ауданында Жамбыл облысы, Шу ауданының 36 жастағы тұрғыны «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолында 21 кг. 458,58 гр. марихуана және 261,86 гр. гашиш есірткі затын автокөлігінің бензобагына жасыру арқылы Қазақстанның батыс аймағына тасымалдау үстінде құрықталып, қамаққа алынды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Маусым айында Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылында аса ірі көлемде есірткі алқабын еккеніжәне аса ірі мөлшерде өңдеп, сақтағаны үшін Өзбекстан Республикасының 58 жастағы тумасы ұсталып, қамаққа алынды. Сараптама нәтижесімен ұсынылған заттардың сора өсімдігіне және 1 кг. 419,96 гр. марихуанаға жататыны анықталып, ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі, 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, маусым айында Қызылорда қаласының 46 жастағы тұрғыны тұрғылықты мекен-жайының ауласында аса ірі көлемде есірткі өсімдіктерін өсіргені анықталып, қылмыстық іс-әрекеті дәлелденіп, қамаққа алынды. Сараптама нәтижесімен ұсынылған заттардың сора өсімдігіне жататыны анықталып, ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Биыл 1 маусым – 30 қазан аралығында кең ауқымды «Қарасора-2020» арнайы жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара кезінде есірткі өсірудің 30 дерегі анықталды. Есірткі өсіргені үшін барлығы 32 адам ұсталса, оның 10-ы қамаққа алынды. Оқиға орнынан 14 мың 626 түп сора өсімдігі және екі дана атыс қаруыалынды.