Несие төлегісі келмеген Ақмола тұрғыны полицейлерге алаяқтық туралы хабарлаған
Ақмола тұрғыны өз атына несие рәсімдеп, полицейлерге алаяқтық туралы хабарлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қыркүйекте Астрахан ауданының полиция бөліміне 29 жастағы жергілікті тұрғын арызданды. Айтуынша, 7 ақпанда микроқаржы ұйымы арқылы белгісіз тұлғалар оның атына 152 мың теңге көлемінде несие рәсімдеген.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында Астрахан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өтініш берушінің өзі осы микрокредиттік ұйымда өз атына онлайн-несие рәсімдегенін, оған қатысты алаяқтық әрекеттер ешкіммен жасалмағанын және қандай да бір мүліктік зиян келтірілмегенін анықтады.
Тергеу барысында ауыл тұрғыны бұл әрекетін мойындады.
Полиция бөлімі бұл фактіні ҚР ҚК 419-бабы «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.