Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нұр-Сұлтанда полицейлер айналма жолдан жылқы табынын анықтады

Нұр-Сұлтанда полицейлер айналма жолдан жылқы табынын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласы ПД табиғатты қорғау полициясы бөлінісінің қызметкерлері тұрақты негізде қаланың тұрғын үй массивтерін, айналма тас жолдарын және “жасыл белдеу” аумағын ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол бермеу фактілері бойынша аралап шықты.

Жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарымен елорда аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол бермеу туралы әңгіме жүргізілді және оларды ұстау бойынша ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік бойынша шаралар қабылданды.

Рейд барысында полицейлер 14 жылқыны анықтады. Олар айналма жол бойында иесіз жүрген. Жылқылар Целиноград ауданы Қоянды кентінде орналасқан жануарларды уақытша ұстау орнына жіберілді. Иесі анықталып жатыр.

Полицейлер 2022 жылдың басынан бері елордада жылқылардың қатысуымен сегіз жол-көлік оқиғасы орын алғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру