Нұр-Сұлтанда жол қиылысында билеген ер адам ұсталды
Нұр-Сұлтанда жол қиылысында билеген ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кешкі уақытта Сейфуллин-Желтоқсан көшелерінің қиылысында бейнебақылау камераларының объективіне көлік жүретін бағытта билеп жүрген ер адам түсті.
Елорданың 33 жастағы тұрғыны өз іс-әрекетімен жол қозғалысы ережелерін бұзып, көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтірді. Мас бишіні патрульдік полиция жасағы келгенше, жолда өтіп бара жатқан көлік жүргізушісі жаяужолда ұстап тұрған.
Тәртіп бұзушы полиция басқармасына жеткізілді. Қоғамдық орында мас күйінде тұрғаны және жаяу жүргіншілердің қозғалыс ережелерін бұзғаны үшін ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 615-ші және 440-шы баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.