Өңірдегі қауіпсіздік: ШҚО ПД-да өткен жедел кеңесте негізгі міндеттер айқындалды
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде өңірдің бас полицейі Ерлан Омарбековтің төрағалығымен жедел кеңес өтті. Жиында осы жылдың бірінші тоқсанындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеңес Қазақстан Республикасы ІІМ алқасының шешімдерін талдаудан басталды. Департамент бастығы басшылық құрамға ішкі істер министрінің сын-ескертпелері мен талаптарын жеткізіп, өңірдің барлық жұмыс бағыты бойынша көрсеткіштеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, есірткі қылмысына және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, көші-қон қызметі, сондай-ақ тергеу және анықтау бағыттары бойынша мәселелерге ерекше назар аударылды.

Жиын барысында департамент бастығының орынбасарлары мен аумақтық бөлініс басшыларының құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы есептері тыңдалды.
Е.Омарбеков жеке құрамға оқу жылының аяқталу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
— Жазғы маусым — демалыс пен мектеп бітіру емтихандарының уақыты. Біз оқу орындарына бақылауды күшейтуге, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша мектеп директорларымен және түлектердің ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндеттіміз. Жолдардағы жағдайға ерекше ден қойылады. Мопедтерді, мотоциклдерді және электрлі самокаттарды пайдалануды бақылауға алуды талап етемін. Сонымен қатар туристік маусымның ашылуымен Алтай, Катонқарағай, Марқакөл, Самар және Күршім аудандарында демалушылардың, оның ішінде шетелдік азаматтардың көптеп келуі күтілуде. Біздің міндетіміз — туристік бағыттарда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, — деп атап өтті облыстық полиция басшысы.
Бөлімшелердегі моральдық-психологиялық ахуал мәселесі бөлек талқыланды. Шығыс Қазақстан полициясының басшысы қызметтік тәртіп пен этиканы мүлтіксіз сақтау қажеттігін нұсқады. Басшыларға жеке құрам арасында заңдылықты бұзу фактілерін болдырмай, бақылауды күшейту тапсырылды.

Қорытындылай келе, полиция алдында азаматтардың сенімін нығайту және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері тұрғаны атап өтілді. Барлық айтылған тапсырманың орындалуы департамент басшылығының ерекше бақылауына алынды.
