Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда демалыста жүрген полицей мас бұзақыны ұстады

Оралда ішімдікке сылқия тойып алған ер адам зейнеткер мен оның немересіне шабуыл жасаған. Қаскөй оларды ұрып-соғып, кейін қашып кетпек болған. Алайда оны оқиға орнына жақын маңда болған полиция қызметкері ұстап алды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Оқиға 21 тамыз күні сағат 20:20 шамасында “Самал-3” шағын ауданында болған. Орал қаласы Полиция басқармасының Патрульдік полиция батальонының полиция инспекторы Талғат Барасов сол күні түнгі кезекшіліктен кейін демалыста болған. Көшеде әйел адамдардың дауысын естіп, далаға шыққан. Орталық көшеге шыққанда көмек сұраған көршісін көрген. Әйел оған анасы мен туысқан інісін белгісіз ер адамның ұрып кеткенін айтқан. Мұны естіген тәртіп сақшысы бұзақыны қуып жетіп, өз әріптестерін шақырған.

Дәрігерлер тексергеннен кейін қарт әйел мен оның немересі үйіне жіберілген.

“Аталмыш құқық бұзушылықты жасағаны үшін 28 жастағы ер адам ұсталды. Ол мас күйінде бұзақылық ниетпен 62 жастағы әйел мен оның 7 жасар немересін ұрып-соққан. Қазіргі уақытта күдікті Орал қаласының Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігі (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деп хабарлады БҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Арынов.

Өз кезегінде жәбірленушінің отбасы полицейге алғысын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру