Ордабасыда алаяқтық жолмен танысына 2,5 млн теңге шығын келтірген әйел ұсталды
Ордабасыда алаяқтық жолмен танысына 2,5 млн теңге шығын келтірген әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөліміне ер адам арызданды. Оның айтуынша, танысы шаруа қожалығынан жылқы еттерін сатып, әр айдың соңында ақшасын жинап беремін деп сеніміне кіріп, сегіз бас жылқы етін алып кеткен. Арада бір жылға жуық уақыт өтсе де, ол созбалыққа салып, сол күйі еттің ақшасын қайтармаған. Жәбірленушіге келген шығын 2,5 млн теңгеге жуық.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғын анықталды. Ол бұрын сотты болған орта жастағы әйел. Күдікті әйел еттерді сатып, ақшасын бас пайдасына жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Әйелдің басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда.