Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскемен тұрғыны 10 жыл бойы екі елден зейнетақы алып келген 

Өскемен тұрғыны 10 жыл бойы екі елден зейнетақы алып келген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы жылдар бойы төлемдер қазақстандық және ресейлік тараптан жүргізілген. Алдаушылық сәуір айының басында Өскеменде Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықпен салыстыру барысында анықталды.

Анықталғандай, 2004 жылы облыс орталығының тұрғыны Алтай аймағында шет мемлекеттің азаматтығын алып, Ресей Федерациясы азаматының төлқұжатын рәсімдеген, алайда бұл туралы Қазақстан Республикасының тиісті органдарына хабарламаған. 71 жастағы әйел зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін 10 жыл бойы Ресейде де, Қазақстанда да төлемақы алып келген, бірақ қазір зейнеткер бюджетке ақшаны қайтару керек.

– Қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін 4 сәуірде шетелдік әйел ҚР ӘҚБтК 496-бабы бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ қазіргі уақытта одан қазақстандық құжаттар тәркіленіп, Қазақстан Республикасы азаматтығының күшін жою тіркелді, – деді ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.

Өкінішке орай, мұндай оқиға бірінші рет емес, Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері тәртіп сақшылары азаматтық туралы заңды бұзған 20-дан астам тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты.

ПД Көші-қон қызметі азаматтарды басқа елдің азаматтығын алған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру фактісін дер кезінде  тіркеу қажеттігін хабарлайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру