ШҚО-да "Қауіпсіз үй" іс-шарасы қорытындыланды
Шығыс Қазақстан облысында өткен "Қауіпсіз үй" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 400-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында нақты шаралар қабылданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес 26-29 наурыз аралығында "Қауіпсіз үй" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау.
Шараға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жұмылдырылды. Бірнеше күн бойы рейдтік жұмыстар жүргізіліп, тұрғын үйлер араланып, халықпен профилактикалық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында есепте тұрған 750-ден астам тұлға тексеріліп, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Жалпы, 420 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, тыныштықты бұзу және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіру деректері бар.
Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 19 бала тәрбиеленіп отырған 9 отбасы анықталып, оларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл отбасылар бойынша уәкілетті органдарға тиісті хабарламалар жолданды.
Айта кетейік, "Қауіпсіз үй" іс-шарасы құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
