Өскеменде есептегі сотталғаннан электронды білезік шешіліп, сот залында қолына кісен тағылды
Өскеменде есептегі сотталғаннан электронды білезік шешіліп, сот залында қолына кісен тағылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО-да апта басынан бері «Есепте тұрған» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, онда пробация қызметінің қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірге пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды тексеруде. Осылайша Солжағалау ауданының пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған жеті айға темір торға қамалды.
Ашық сот отырысына жазасын өтеп жүрген басқа да сотталғандар қатысып, жаза өтеуден жалтарған кезде оның арты неге апаратынын өз көздерімен көрді. Бұл олар үшін сабақ болатыны сөзсіз.
– Бұл сотталған бұрын бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған. Осыған байланысты оның аяғына электронды білезік тағылып, қадағалауда болды. Электронды білезіктің арқасында жаза өтеуден қасақана жалтарған адам сот процесіне әкелінді. Оның бас бостандығын шектеу түріндегі жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Осы сотталғанның ісін қарау барысында сотта прокурор қатысып, Солжағалау аудандық пробация қызметінің ұсынысын қолдады. Соның нәтижесінде, сотпен ұсыныс қанағаттандырылды. Сот қаулысы жарияланғаннан кейін сотталушыдан электронды білезік шешіліп, қолына кісен тағылып, сот залынан қамауға алынды, – деді ШҚО бойынша ҚАЖД Солжағалау аудандық пробация қызметінің инспекторы Каим Ожиканов.
Айта кету керек, бұл инновациялық технологиялар пробация қызметінің жұмысында енгізілген жаңалықтың тиімділігін бірінші рет көрсетіп отыр.