Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында үш млн теңгенің жылқыларын ұрлаған екеу сотталды

Түркістан облысында үш млн теңгенің жылқыларын ұрлаған екеу сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері мал ұрлығына тосқауыл қою, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік апаттарын болдырмау мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Сонымен қатар, ҚР ІІМ-нің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасының өңірде іске асырылу бақылауға алынған.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері облыста 72 мал ұрлығы тіркеліп, қылмыстың тіркелуі 44,6 пайызға төмендеген. Ал 72 мал ұрлығының 27-сі қора-жайдан болса, 45 дерегі жайылымнан ұрланған. Бұдан көбіне мал ұрлығы тұрғындардың малдарын жайылымға қараусыз жіберуі салдарынан орын алатынын байқауға болады.

Осындай қылмыстың бірі Мақтаарал ауданында осы жылдың ақпан айында тіркеліп, полицейлердің жедел әрекет етуі нәтижесінде, күдікті екеу ұсталып, оларға қатысты сот үкімі шықты.

Аталған мал ұрлығы жайлы тарқатып айтар болсақ, Мақтаарал АПБ-ға жергілікті екі тұрғын арызданып, мал жайылымда жүрген үш бас жылқы мен бір құлынын белгісіз біреулер екі ай алдын ұрлап кеткенін жеткізді. Алғашында өздері іздегенімен, соңы нәтижесіз болған. Содан екі тұрғын полицейлердің көмегіне жүгініп, мал ұрыларын ұстауға көмектесулерін сұрайды.

Жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі үш миллион теңгеден асты. Бұл жайтты полицейлер тез арада тіркеуге алды. Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен қажетті шараларды жүргізді. Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында қарқынды қызмет атқарды.

Мал таситын көліктерді, мал базарларын мұқият тексеріп шықты. Полиция қызметкерлерінің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде, ұрланған жылқының бірі мал базарда сатылып тұрға жерінен анықталды. Сатушыдан жауап алу барысында оны біраз уақыт алдын басқа біреуден сатып алғаны белгілі болды.

Сатушының жауабымен күдіктілердің жеке басы анықталды. Күдіктілер ауылдағы адамдар мен олардың малдарының жай-күйін білетін жергілікті тұрғындар болып шықты. Осылайша күдікті ретінде екі ер адам ұсталып, Мақтаарал АПБ-ға жеткізілді.

Ұсталған ауылдас екеу ақша қажет болғандықтан ұрлыққа барғанын мойындады. Белгілі болғандай, күдікті екі ер адам мал жайылымға келіп, жылқыларға жем беріп, сол сәтте мойындарына арқан салған. Содан жүк көлігін жалдап, оны Сайрам ауданындағы мал базарлардың біріне апарып, арзан бағаға сатып жіберген.

Мақтааралдық тергеушімен күдіктілердің жоғарыда айтылған екі  ұрлық қылмысына да қатысы бар екендігі толық дәлелденді. Тергеу әрекеттері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша жүргізілді.

Күдіктілердің кінәсін дәлелдеу үшін қажетті айғақтар жинақталды. Қылмыстық іс толығымен аяқталып, айыптау актісімен сотқа жолданды. Нәтижесінде, Мақтарал аудандық сотының үкімімен күдіктілердің бұрын сотты болмағаны, жәбірленушілерге келген шығынды өтеп, кешірім алуы, отбасының асыраушысы екендіктері ескеріле отырып, 50 жастағы күдікті бір жылға, ал екінші 30 жастағы жігіт екі жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру