Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отбасы үлгі тұтқан полковник

Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, бір салаға 27 жылын арнаған Талғат Абдранбаев қызметтегі оқиғасымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі күн ертең – тарих. Таң атып, күн батып өтіп жатқан әрбір күн тарих бетіне қатпарлана жинала береді. Жас мамандар алдыңғы толқын ағалардың ізін жалғап, ұлы көш жалғаса бермек… 

Қай мамандықта болмасын, білімді мамандар өзгелерге ұстаз болары хақ. Ұлы ұстаз – өмір үйреткен барлық ілімді шәкірттеріне береді. Сондай білікті де, білімді маман Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Талғат Абдранбаев.

Талғат Ерубекұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1986 жылы Шымкент қаласындағы № 43 орта мектепті аяқтап, Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «еңбек мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы ҚР ҰҚК жоғарғы оқу орнын «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 1987-1989 жылдары Отан алдындағы борышын Иркутск қаласында өтеген.
Әскерден елге оралған соң, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі басқармасының ИЧ-167/1 мекемесіне тәрбие бөлімінің тәлімгері болып орналасады. Одан кейін әртүрлі қызметтерде, атап айтқанда, 1995-2008 жылдар аралығында ИЧ-167/1 мекемесінде жедел бөлімінің жедел уәкілі, жедел бөлімінің бастығы, мекеме бастығының орынбасары қызметін атқарады. Жалындаған жастық шағында өзіне берілген жауапкершілікті мүлтіксіз орындап, қаншама қиындықтарды бастан өткерген. Алайда сүйіп таңдаған мамандығын тастап кетпей, аға буыннан кеңес алып, білмегенін сұрап тұрды. Осылайша қатаң тәртіпке де бағынды.
Алғашқы жұмыс тәжірибесін тәлімгер болып бастаған қызметкер, әріптестеріне өзін жақсы қырынан көрсете білді. Еңбекқорлығымен басшылықтың назарына іліккен маман 2008 жылы ИЧ-167/2 мекемесінің бастығы лауазымына тағайындалды.

Ал 2012-2018 жылдар аралығында Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ, 2018 жылдың қаңтар айынан шілде айы аралығында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Жедел басқармасының бастығы лауазымында қызмет атқарды.

Ал 2018 жылдың шілде айында Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды.

Осы уақыт аралығында Талғат Ерубекұлы бірнеше грамоталар мен алғыс хаттар алды. Сонымен қатар, «ІІО мінсіз қызметі үшін III, II және I дәрежелі», «Қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «ҚР Конституциясының 20 жылдығы», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жылдығы», «Ішкі істер органдарының ардагері» медальдарымен, «ІІО құрметті қызметкері», «ҚР Полициясына 25 жыл» төсбелгісімен, сондай-ақ 2020 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» медалімен марапатталды.

Бір салаға 27 жылын арнаған Талғат Ерубекұлының айтары көп. Бүгінде ол өзінің тәжірибесін кейінгі жастарға үйретіп келеді. Жұмысты тәлімгер болып бастаған Талғат Ерубекұлы әділет полковнигі шенін алып, үлгілі қызметкерлердің біріне айналды.
Талғат Ерубекұлының ел қамын ойлайтын тұлға болып қалыптасуына анасы Нағима үлкен септігін тигізді. Бүгінде әжейдің жасы ақпан айында сексен беске келеді. Ұл-қыздары мен немерелерінің ортасында бақытқа кенеліп отырған Нағима әжей, ұлы Талғаттың ел қамын ойлайтын азамат болып, осы дәрежеге жеткенін мақтаныш етіп, әрқашан саулығын тілеп отырады.

Бүгінде Талғат Ерубекұлы мен жары Салима Мұзапарқызы отбасында екі ұлды және немересі Әмина есімді ханшайымды тәрбиелеп отыр.

Талғат Ерубекұлының балалары да сақшы сапында. Үлкен ұлы Ерубек Асхат 2011 жылдан бері ішкі істер органында қызмет етеді. Қазір ол – Шымкент қалалық полиция департаменті Еңбекші полиция басқармасының аға тергеушісі, полиция капитаны.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, үйдің үлкенінің басқан ізі, берген тәрбиесін кейінгілері де өзіне ұстаным етпей ме? Сол секілді ағасын үлгі тұтқан інісі Санжарда ішкі істер саласында қызмет атқаруда. Санжар Түркістан қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторының көмекшісі.
Өмірі өнегеге толы бұл отбасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қызмет жолын келешекте немересі де жалғастырып, ел тыныштығы жолында еңбек етуді мақсат тұтқан. Осындай отбасында тәрбиеленген ұл-қыздардың болашағы жарқын болмақ.
Ал, біз сондай ұрпақтың өркендеп, жайқала беруін тілейміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру