Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кентау қалалық пробация қызметінің қызметкерлері зейнеткерге көмектесті

Кентау қалалық пробация қызметінің қызметкерлері зейнеткерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қалалық пробация қызметі мен Жастар ресурстық орталығының еріктілер бірлесіп, Кентау қаласының тұрғыны Нүрия әжейдің үй шаруасына көмектесіп, қысқы отынын жарып берді.

Күн суытып, қар жауып кетпей тұрып отын отап алуға жалғызбасты қарт ананың денсаулығы жарамады. Қарт ананың жағдайын түсінген пробация қызметі оған қолдау көрсету мақсатында өңірдегі еріктілер тобымен бірлесіп, қыс мезгілінде пешке жағатын отынын жарып, үйдің ауласын тазартып, үй шаруасына қолқабыс етті.

– Біз аталған шараға төрт еріктіні ертіп бардық. Сонымен қатар, пробация есебінде тұрған сотталғандар да өз еріктерімен барып, қарт анаға көмектесті. Аталған қайырымдылық іс-шарасына пробация есебінде тұрған азаматтарды тартудағы мақсатымыз – оларды қоғамға бейімдеп, жауапкершілікті сезінуге шақыру. Осы орайда әлеуметтік көмек беруге арналған ұсынысымызды өңірдегі Жастар ресурстық орталығының еріктілер тобы қолдады. Жалпы көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созу – ізгі істің үлгісі деп білеміз. Қаламыздағы еріктілер тобымен бірлесіп көптеген шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Кентау қалалық пробация қызметі бөлімінің инспекторы Жанәділ Өтешов.

Қиналған кезінде қамқорлыққа бөлеген қарт ана пробация қызметі мен еріктілер тобына ризашылығын білдіріп, өзінің батасын берді.

– Бұл үй – менің бақытты күндерімнің естелігі. Осы үйдің ақ босағасын аттадым. Атаңмен жарты ғасырға жуық тату-тәтті өмір сүрдік. Қазіргі таңда үйдің ауыр жұмысын жасауға менің денсаулығым жарамайды. Әсіресе, қысқы отынды жарып, жинау кезінде қатты қиналамын. Себебі, біздің қаламызға әлі көгілдір отын келген жоқ. Біздің үйіміз газбен қамтамасыз етілген кезде, бұлай қиналмайтын шығармыз. Көгілдір отынның жоқтығы әсіресе мен секілді қарт кісілерге ауыр тиеді. Осыны ескеріп, үй шаруасына қол ұшын созған Кентау қалалық пробация қызметіне алғысымды айтамын, – дейді қала тұрғыны Нүрия әжей.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру