Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жыл соңына дейін 31 сотталған жұмыспен қамтылмақ

Түркістан облысында жыл соңына дейін 31 сотталған жұмыспен қамтылмақ, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Жетісай аудандық пробация қызметі мен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен пробация қызметі есебінде тұратын, аудан бойынша түзету мекемелерінен босатылған және шартты мерзімге сотталған азаматтарды қоғамдық ортаға бейімдеу мақсатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

Жетісай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, консультациялық кеңесші орган төрағасының орынбасары Әділхан Әбжановтың тапсырмасына сәйкес жоспарлы түрде ұйымдастырылған жәрмеңкеге Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Дильшат Назаров, бөлім инспекторлары, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері мен отыздан аса пробация қызметінің есебінде тұратын азаматтар қатысты.

Жетісай аудандық пробация үйінде пробациялық қызмет инспекторларымен түзету мекемелерінен босатылған азаматтары қоғамдық ортаға бейімдеу мақсатында уақытша және тұрақты жұмысқа орналасуға, қалыпты өмірге қалыптасуларына ықпал жасап, әлеуметтік қолдау жасау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыссыз жүрген сотталған азаматтарды жұмыспен қамту, олардың бос уақытын тиімді пайдалану және қайта қылмыс жасаудың алдын алу. Жыл басынан бері мұндай жәрмеңкелерді тұрақты түрде өткізу дәстүрген айналды.

Қазіргі таңда Жетісай ауданының пробация қызметі есебінде 221 сотталған есепте тұрады. Оның ішінде 31 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Жыл соңына дейін осы азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырғанын аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Дильшат Назаров тілге тиек етті.

– Жетісай аудандық Жұмыспен қамту орталығында ұсынылған жұмыстарға пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысып, өздерінің өтінішін берді. Әрине, егер ол адам жұмыс берушінің талабына сай болса, құжаттарын сол жерде тапсырып кетуіне болады. Мұндай шараларды ұйымдастырудағы басты мақсатымыздың бірі – өмірде қателік жасап, шалыс басқан жандарды қоғамға бейімдеу. Сонымен қатар, жұмыссыз үйде бос жатпай, отбасын асырауға да мүмкіндігі бар. Қылмысқа бой алдырған адамдардың басым бөлігі, жұмыссыздықтың салдарынан барады. Жұмыссыз үйде отырған адам ақша табу үшін ұрлыққа, тонауға баратыны айдан анық. Осындай қылмыстарды болдырмау үшін сотталған азаматтарды жұмысқа орналастырып, оларды өзіміз бақылап отырамыз, – деді бөлім басшысы.


Айта кетейік, жыл басынан бері Жетісай ауданы әкімінің квотасымен 28 сотталушы, ал аудандық пробация қызмет бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бірге жұмыс жүргізулерінің нәтижесінде тағы 66 сотталушы уақытша және тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, 15 азамат қайта даярлау курстарына жіберілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру