Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Өз өміріңді сақта»: Ұлттық ұланның сарбаздарына арнайы дәріс өткізілді

ІІМ Тергеу департаментінің басшылығы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Кездесудің мақсаты ел Президентінің Жолдауын түсіндірумен қатар көпшілік назар аударып отырған әскердегі тәртіп пен өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу болды.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қадағалауда Ұлттық ұлан сарбаздарының үлесі зор», – деп атап өтті Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов. Сонымен қатар ол әскер темірдей тәртіп пен жігерді талап ететінін еске салды. Сондықтан әрбір сарбаз жарғы талаптарын қатаң сақтап, антқа адал болып, командирлері мен жолдастарын сыйлауы қажет.

Кездесуде кикілжің мен әлімжеттіктің арты қылмыстық жауапкершілікке апаруы мүмкін екені де айтылды. Еліміздің бас тергеушісі жауынгерлерге қысым жасалып, командирлер мен қызметтестерінің тарапынан заңсыз әрекеттер орын алса, әскери тергеу органдарына хабарласуға кеңес берді. Сарбаздар арасындағы суицидтің алдын алу үшін ішкі істер органдары қатарында психологтар жұмыс істейді. Олар психологиялық дағдарысқа түскен адамды анықтап, оған жан-жақты көмек көрсетеді.

Санжар Әділов тек сарбаздармен ғана емес, әскери бөлімнің офицерлерімен, батальон командирлерімен де сөйлесіп, әскердегі тәртіпті қадағалап, тәуекел топтағы сарбаздарға көңіл бөлуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру