Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында малдың кінәсінен 10 ЖКО тіркелді

Павлодар облысында жыл басынан бері малдың кінәсінен 10 ЖКО тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz

Иелердің мал басына деген жауапсыздығы жол бойында ауыр зардаптарға әкеліп соқтырады. Бұған дәлел – қайғылы статистика. Жыл басынан бері бақылаусыз жайылып жүрген мал себебінен Павлодар облысының автожолдарында 10 жол-көлік оқиғасы болды, салдарынан бір адам көз жұмып, 9 адам түрлі жарақат алды.

Түнде жолдардағы көріну нашарлайды және алыстан жүргізушіге жолдағы малды байқап, уақытылы әрекет ету қиын, өйткені көлік белгілі бір жылдамдықпен жүретінін ескеру қажет. Көп жағдайда жылқылар апатқа себеп болады. 

Заңнамаға сәйкес, көлік және темір жолдардың бөлінген белдеуінің шекарасында мал жаюға тыйым салынады. Жайылым арнайы бөлінген орындарда, осы жануарлардың иелерінің не олар уәкілеттік берген адамдардың бақылауымен жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ малдың қозғалысы барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, иесінің немесе жауапты адамның сүйемелдеуімен бекітілген бағыттар бойынша жүргізілуі тиіс.  

Құқықтық тәртіп сақшылары иесіз мал жаюдың алдын алу бойынша үнемі рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Осындай фактілер республикалық және жергілікті маңызы бар автотрассаларды патрульдеу кезінде де анықталады.

– Бүгінгі таңда облыста малға арналған 146 мамандандырылған айыппұл тұрағы жұмыс істейді. Оған жыл басынан бері 17 104-тен астам ауыл шаруашылығы жануарлары орналастырылған. Тек 2022 жылдың 10 айында 2229 үй малының иелері мен шопандар қараусыз жайылған иесіз мал үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) және 21 тұрғын ӘҚБтК-нің 633-бабы (Автомобиль жолдарына бөлiнген жолақта қорғау мен пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары ауыл тұрғындарын, шаруа қожалықтарын, фермерлік қожалықтарды, шалғайдағы нүктелерді аралау барысында мал иелерімен, шопандармен алдын алу жұмыстарын жүргізіп, мал жаю ережелерін еске салып, заңнама нормаларын түсіндіріп, мал жаюға немқұрайлы қараудың жауапкершілігі мен салдары туралы ескертеді.  

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру