Павлодар облысында полицейлер хабар-ошарсыз кеткен 28 адамды тапты
Павлодар облысында полицейлер хабар-ошарсыз кеткен 28 адамды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күн сайын Павлодар облысының полициясына азаматтардың хабар-ошарсыз кеткені туралы өтініштер келіп түседі. Биыл жедел уәкілдер 28 із-түссіз жоғалған азаматты тапты.
– Іздегендердің басым бөлігі – спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын және ырду-дырду бейберекет өмір салтын ұстанатын, үйден кетіп, туыстарымен байланысқа шықпайтын адамдар, кейде олар мұны қасақана жасайды, – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Мысалы, 15 маусымда полицияға 55 жастағы ер адам жүгініп, 12 маусымда әйелі үйінен кетіп қалғанын жеткізді. Іздестіру шараларына полицияның барлық күштері жіберілді. Нәтижесінде, әйел жалдамалы пәтерде алкогольдік сусынды ішіп отырған жерінен табылды.
Сол күні Солнечный ауылының тұрғыны 43 жастағы ағасын іздеуге көмек сұрады. Әйелдің айтуынша, осы жылдың 19 мамырында жоғалып кеткен ағасын бір айға жуық уақыт бойы іздеген. Қазіргі уақытта хабар-ошарсыз жоғалған адамды іздеу жалғасуда.
Екі жағдайда да үйден кеткендер алкогольді асыра пайдаланды.