Павлодар облысында полицейлер интернет-алаяқтықтан сақ болуға шақырады
Мамыр айының алғашқы аптасында Павлодар облысының 64 тұрғыны интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, қаржылық шығынға ұшырады. Оның ішінде 34 азамат аса ірі көлемде ақшасынан айырылған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ризабек Жанаттың айтуынша, қазіргі уақытта ең кең таралған алаяқтық тәсілдерінің бірі — мессенджерлер арқылы жасалатын қоңыраулар.
— Қылмыскерлер танымал брендтердің логотиптері мен суреттерін пайдаланып, өздерін энергиямен жабдықтау және домофон компанияларының қызметкерлері, ұялы байланыс операторлары мен жеткізу қызметтерінің өкілдері, екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық Банктің мамандары және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырады, — деді ол.
Алаяқтардың әрекет ету тәсілі көбіне бірдей. Олар есептегішті тексеру, SIM-карта келісімшартын ұзарту немесе жеткізуді растау сылтауымен азаматтардан SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Код қолға түскеннен кейін жәбірленушіге түрлі нөмірлерден қайта-қайта хабарласып, оның банк шоттарына шабуыл жасалғанын айтып, ақшаны шұғыл түрде "қауіпсіз шотқа" аударуға көндіреді.
Полицейлер азаматтарды сақ болуға шақырып, қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске салды:
• Ешқашан бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді және банк картасының толық деректерін айтпаңыз;
• Дүрбелеңге бой алдырмай, қорқыту мен қысымға сенбеңіз, әңгімені бірден тоқтатыңыз;
• "Қауіпсіз" немесе "резервтік" шоттарға ақша аудармаңыз;
• Бейтаныс адамдардың кеңесімен мүлік сатпаңыз және несие рәсімдемеңіз.
Полиция қызметкерлері балалар мен жасөспірімдерге ерекше назар аударуға шақырады. Соңғы уақытта алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар кәмелетке толмағандар мен студенттерді қылмыстық әрекеттерге жиі тартуда.
Жасөспірімдерді ата-анасының алтын бұйымдарын ломбардқа өткізуге, бөтен ақшаны аударуға, сондай-ақ өздерінің банк карталарын, SIM-карталарын және WhatsApp аккаунттарын "оңай табыс" үшін сатуға үгіттейді.
Полицейлердің айтуынша, мұндай әрекеттер жасөспірімді қылмыстың сыбайласына — дропперге айналдырады.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде криптовалютаға, алтынға, мұнайға немесе "Қазатомөнеркәсіп" секілді ірі ұлттық компанияларға инвестиция салу арқылы "тез әрі оңай табыс табуды" ұсынатын жарнамалар көбейген.
Полиция мұндай ұсыныстардың алаяқтық екенін ескертеді.
— Бірнеше күн ішінде кепілдендірілген жоғары табыс әкелетін шынайы инвестициялық жобалар болмайды. Мұндай платформаларға аударылған ақшаны қайтару іс жүзінде мүмкін емес, өйткені интернет-алаяқтардың басым бөлігі шетелден әрекет етеді, — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Тәртіп сақшылары азаматтарды қырағылық танытып, әсіресе қарт адамдармен және балалармен профилактикалық әңгіме жүргізуге шақырады.
