Павлодар облысында қылмыстық іздестірудің үздік жедел уәкілдері марапатталды
Қылмыстық іздестіру бөлімшелерінің құрылғанына 108 жыл толуына орай Павлодар облысының полиция департаментінде қылмыстық іздестіру саласының ардагерлері мен қазіргі қызметкерлері құрметке бөленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға қатысушыларды Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев құттықтады.
Өз сөзінде ол ішкі істер органдары жүйесіндегі қылмыстық іздестіру қызметінің маңыздылығына тоқталып, қызметкерлердің жоғары кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығын атап өтті.
— Қылмыстық іздестіру – ішкі істер органдарындағы ең маңызды бөлімшелердің бірі. Сіздерге аса жауапты міндет жүктелген – ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әділдікті қалпына келтіру. Бұл қызмет тек терең білім мен мол тәжірибені ғана емес, сондай-ақ зор табандылықты, ұстамдылықты және жанқиярлықты талап етеді. Сіздерге рух беріктігін, қызметте жоғары нәтижелерге жетуді тілеймін. Қоғам үшін аса маңызды әрі күрделі қызметтеріңізде жедел сәттілік әрдайым серіктеріңіз болсын. Ал туған-туыстарыңыз бен жақындарыңыз әрдайым сенімді тірек болғай! – деді Мәлік Оңғарбаев.
Кездесу барысында қылмыстық іздестіру саласының ардагерлеріне де ерекше алғыс айтылды. Олар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, қызметтегі ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға атсалысып келеді.
Қызметтік міндеттерін адал атқарып, жедел-қызметтік жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар жедел уәкіл ведомстволық наградалармен марапатталды.
Полиция департаментінің Құрмет грамотасымен Әлібек Идрисов, Медеу Бейсембаев, Әділ Шахманов, Нұрсұлтан Мадин және Асылбек Жолдахметов марапатталды.
Алғыс хатқа Қайыргүл Оналбаева, Абдуәли Әлімбергенов, Нұрлыбай Бопелек, Нұрболат Мейрашов және Мейрам Темірбеков ие болды.
— Біз бұдан былай да қылмыстық ниеттердің алдын алып, қылмыстарды ізін суытпай ашып, бірде-бір қылмыскердің әділ жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз ететін боламыз, – деді жедел уәкіл Медеу Бейсембаев.
Салтанатты шара мерекелік концертпен қорытындыланды.
– Іс-шара криминалдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері үшін маңызды оқиға болды. Жиын барысында сала ардагерлерінің еңбегі ұлықталып, бүгінде заң күзетінде тұрған қызметкерлерге алғыс білдірілді, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
