Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында "Үздік жедел уәкіл – 2026" кәсіби байқауы өтті

Павлодар облысында "Үздік жедел уәкіл – 2026" кәсіби байқауы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында қылмыстық-іздестіру қызметінің құрылғанына 108 жыл толуына орай "Үздік жедел уәкіл – 2026" кәсіби байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға облыс полициясының жедел бөлімшелерінен сегіз қызметкер қатысып, кәсіби білімі мен дене дайындығын, сондай-ақ практикалық дағдыларын сынады.

Сайыс бағдарламасына 100 және 1000 метр қашықтыққа жүгіру, кермеге тартылу, кедергілер жолағын еңсере отырып атыс жаттығуын орындау кірді. Сонымен қатар қатысушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасы мен нормативтік-құқықтық актілерін білу деңгейі тексерілді.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Асылбек Смагулов иеленді. Ол өңір намысын республикалық деңгейдегі "Үздік жедел уәкіл" байқауында қорғайды.

Екінші орынға осы басқарманың аға жедел уәкілі Владислав Ермолаев, үшінші орынға Оңтүстік полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Руслан Нусупов ие болды.

Кәсіби байқау жедел бөлімшелер қызметкерлерінің кәсіби және дене даярлығын жетілдіруге, практикалық дағдыларын шыңдауға, сондай-ақ қылмыстық-іздестіру қызметінің қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын арттыруға бағытталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру