Павлодар облысында ювеналды полиция кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде жүрмеуін қадағалайды
Павлодар облысында ювеналды полиция инспекторлары кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болу талаптарының сақталуын тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қаласында ювеналды полиция инспекторлары күн сайын кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
Ерекше назар балалар мен жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болу фактілерін анықтауға аударылады.
Рейд барысында ювеналды полиция қызметкерлері қоғамдық орындарды, аула аумақтарын, ойын-сауық орындарын және кәмелетке толмағандар болуы мүмкін басқа да орындарды аралайды.
Түнгі уақытта ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде жүрген жасөспірімдер анықталған жағдайда, полицейлер олардың жеке басын анықтап, көшеде болу мән-жайларын зерделейді және заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз кешкі және түнгі уақытта жүруі оларды түрлі қауіп-қатерге ұшыратуы мүмкін. Сондай-ақ мұндай жағдай олардың құқыққа қайшы әрекеттердің құрбаны болуына немесе құқық бұзушылықтарға тартылуына себеп болуы ықтимал.
– Инспекторлар жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіреді және белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Ата-аналармен және заңды өкілдермен де балалардың қайда жүргенін және үйге қайту уақытын бақылаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Баланың қауіпсіздігі ересектердің назарынан басталады. Полиция мен ата-аналардың бірлескен профилактикалық жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және кәмелетке толмағандарды ықтимал қауіп-қатерлерден қорғауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Айдар Сламбеков.
