Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда ювеналды полиция компьютерлік клубтар мен түнгі ойын-сауық орындарында тексеру жүргізді

Павлодар облысында кәмелетке толмағандарға қатысты заңбұзушылықтар анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақсу қаласында ювеналды полиция қызметкерлері компьютерлік клубтар мен түнгі ойын-сауық орындарында рейдтік тексеру жүргізді. Тәртіп сақшылары күн сайын заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден кейін тұрғын үйден тыс жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау жұмыстарын жүргізуде.

Мұндай шаралар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, олардың қараусыз қалуына жол бермеуге және кешкі әрі түнгі уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы рейд барысында полицейлер бірнеше құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандардың мекемеде болуына жол берген екі ойын-сауық орнының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар түнгі уақытта баласының ересектердің қарауынсыз көшеде жүруіне жол берген ата-анаға да тиісті шара қолданылды.

– Бүгінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген кәсіпкерлер мен балаларын бақылаусыз қалдырған ата-аналар заң аясында жауапқа тартылуда, – деді Павлодар облысы Ақсу қаласы ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы Айнагүл Ахметова.

Полиция ата-аналар мен кәсіпкерлерге түнгі уақытта жасөспірімдердің үйден тыс жерде жүруіне байланысты заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, балалардың бос уақытын бақылауды күшейтуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру