Павлодар облысында жолдарды күтіп ұстауға жауапты 125 адам жазаланды
Павлодар облысында жолдарды күтіп ұстауға жауапты 125 адам жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында жылдың басынан бастап полиция қызметкерлері жолдарды 782 тексеру жүргізді. Анықталған ақаулар бойынша жол ұстаушылардың атына кемшіліктерді жоюға ұйғарымдар енгізілді. Тексеру нәтижелері бойынша жолдарды күтіп ұстауға жауапты 125 адам түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, Павлодар қаласында жүргізуші Mercedes автокөлігін басқарып, Айманов көшесімен жүріп келе жатып, жолдың қоршалмаған учаскесіне басып кірді, онда асфальт-бетон төсемі ойылып қалды. Бұл учаскеде бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осылайша, жүргізуші көлік құралына да зақым келтірді.
Аталған факті бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізген ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды, 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Айта кету керек, осы жылдың 6 айында Павлодар қаласындағы жолдарды тексеру нәтижелері бойынша 40 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.
– Павлодар қаласындағы көше-жол желісінің кезекті рейдінде полиция қызметкерлері авариялық-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жол учаскелерін тексерді. Сондай-ақ, жолдың жүріс бөлігінде орналасқан және жол қозғалысының қауіпсіздігіне әсер ететін қарау құдықтарының жағдайына назар аударылды, – деп хабарлады Павлодар қалалық ПБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Арман Қарыбаев.
Мысалы, Будчанов көшесі бойынша кәріз астына ор төсеу бойынша жер жұмыстарын жүргізу кезінде ЖШС-нің бірі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген, атап айтқанда қазудың периметрі бойынша жол белгілері мен турникеттер қоймаған.
Ал Алтай көшесіндегі басқа ЖШС кәріз желілерін салу жұмыстарын жүргізді, бұл ретте тиісті жол белгілерін, турникеттерді, жарықтандыруды, қоршауларды қоймады.
Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша аталған ЖШС-тер ҚР ӘҚБК 631-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.