Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысының жас инспекторлары республикалық слетте үздіктер қатарынан көрінді

Ақсу қаласының жол ережесін жетік білетін жас инспекторлары республикалық слетте үздіктер қатарынан көрінді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының полиция департаментінде Ғазиз Байтасов атындағы ХХІ республикалық жас жол инспекторлары слетіне қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында Ақсу қаласындағы Қабылбеков атындағы мектептің жас жол инспекторлары командасы марапатталды. Команда республикалық байқауда құрметті 4-орынға ие болды.
Жеке біріншілікте де Павлодар облысының өкілі жоғары нәтиже көрсетті. Полиция майоры Раада Жанпейісова қызметкерлер арасындағы байқауларда 1-орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.

Биыл ауқымды слет Қостанай қаласында өтті. Үздік атану үшін Қазақстанның барлық өңірінен келген 20 мықты команда, сондай-ақ ТМД-ның 6 елінің өкілдері бақ сынады.

— Бұл – біз шын мәнінде мақтан тұтатын лайықты нәтиже. Бұл жетістіктің артында балалардың, олардың тәлімгерлері мен педагогтерінің, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің орасан зор еңбегі, жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігі тұр. Әрқайсыңызға жаңа жеңістер, өз күштеріңізге деген сенімділік, зор денсаулық және үлкен жетістіктер тілеймін! Бұл слет сіздердің өмірлеріңіздегі жарқын оқиға әрі болашақтағы жаңа жетістіктерге бастар маңызды қадам болсын! — деді өз құттықтау сөзінде Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Малик Онгарбаев.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттайтын қызметкерлер де өздерінің шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті. Облысымыздың полиция қызметкерлері арасындағы байқауда сенімді түрде жеңімпаз атанды.

- Біздің балалар дайындықтарының жоғары деңгейін, жол қозғалысы ережелерін жетік білетіндерін, командалық рухы мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Байқаудың әр кезеңі олар үшін өздерінің тәртіптілігін танытып, қатарластарына үлгі болуға дайын екендерін дәлелдеуге мүмкіндік берді. ЖЖИ слеті – жай ғана жарыс емес, бұл жаңа таныстықтар, берік достық және ортақ қауіпсіздік үшін жеке жауапкершілікті сезіну. Жинақтаған тәжірибе олардың жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жолдардағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруына үлкен серпін береді, — деп әсерімен бөлісті Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Раада Жанпейісова.

Іс-шара соңында барлық жас жол инспекторларына және полиция қызметкеріне алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Департамент басшылығы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін білім басқармасының бөлім басшысы Жібек Айтмұхамбетоваға және ЖЖИ командасының жетекшісі, педагог Сабина Зариповаға ерекше алғысын білдірді. Команданы дайындаған мектеп те естелік сыйлықпен және алғыс хатпен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру