Павлодарда айыппұл төлемеген жүргізушілерден 1,5 млн теңге өндірілді
Павлодарда айыппұл төлемеген жүргізушілерден 1,5 млн теңге өндірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі қаулылардың орындалуына бақылауды күшейту мақсатында салынған айыппұлдарды уақытылы төлеу бөлігінде Павлодар қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері сот орындаушыларымен бірлесіп қала жолдарындағы көліктердің иелерін тексерді.
«Кибер-шериф» борттық аппараттық-бағдарламалық кешенінің көмегімен полицейлер әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қарызы бар жүргізушілерді анықтады.
– Азаматтарға әкімшілік айыппұлдар бойынша қарыздары бар екендігі туралы хабарланғанын, бірақ олар төлеуге асықпағанын атап өткен жөн. Мысалы, Ломов көшесінде көлік жүргізу кезінде Toyota автокөлігі байқалды, оның жүргізушісінде 15 мың теңге төленбеген айыппұлы болған, – деді Павлодар қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Сондай-ақ, Естай көшесі бойынша жүріп келе жатқан Lexus автокөлігінің жүргізушісі 165 мың теңге айыппұл төлемегені анықталды. Малайсары батыр көшесінде де 75 мың теңге қарызы бар көлік тоқтатылды.
Жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні борышкер-жүргізушілерден жалпы сомасы 1,5 млн теңге айыппұл өндірілді.