Павлодарда гарнизондық саптық жиын өтті
Павлодар қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының алаңында жеке құрамға гарнизондық нұсқама өткізіліп, полиция қызметкерлерінің қызметке дайындығы тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Гарнизондық саптық тексеруді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев жүргізді. Сап алаңына облыстық департамент аппаратының қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция жасақтары, арнайы бөлімше қызметкерлері мен кинологтар, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері сапқа тұрғызылды.
Іс-шара барысында жеке құрам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады.
Жеке құрам алдында сөз сөйлеген Жандос Орымбаев полиция қызметінің негізгі бағыты құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарына құрметпен қарау екенін атап өтті. Оның айтуынша бұл міндеттерді сапалы орындау қатаң тәртіпті, жоғары жауапкершілікті және заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды қажет етеді.
Сондай-ақ қызметкерлерге облыстағы жедел ахуал туралы ақпарат беріліп, іздеуде жүрген қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткен азаматтарға қатысты бағдарламалар жеткізілді. Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін күнделікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттер айқындалды.
Қызметтік тапсырмалар пысықталып, бөлімшелердің дайындығы тексерілгеннен кейін гарнизондық саптық тексеру құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірлігін айқындаған салтанатты шерумен қорытындыланды.
