Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер 1 тоннадан астам заңсыз ауланған балықты тәркіледі

Павлодарда полицейлер 1 тоннадан астам заңсыз ауланған балықты тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының полицейлері табиғат байлығын қорғау мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде ірі көлемдегі заңсыз балық аулау фактілерін анықтап, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды әшкереледі.

Аққулы ауданындағы рейд барысында Lada Priora автокөлігі тоқтатылды. Көліктің тіркемесінен 16 қап артемия салина шаян тәрізділері, торлар мен резеңке етіктер табылды. Полицейлердің мәліметінше, бұл жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, тәркіленген өнімдерге қажетті сараптамалар тағайындалды.

– Заңсыз балық аулаудың бұл фактісі табиғатты қорғау шараларының маңыздылығын көрсетеді. Мұндай әрекеттердің жолын кесу – біздің негізгі міндетіміз, – деп атап өтті Аққулы ауданы полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев.

Осыған ұқсас оқиға Ақсу қаласы аумағында тіркелді. Сырлықала ауылынан 15 шақырым жердегі “Кескен Терек” учаскесінде белгісіз адамдардың артемия салина шаяндарын заңсыз аулағаны анықталды. Бұл факті бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

– Балық ресурстарын заңсыз өндіру табиғатқа елеулі зиян келтіреді. Сондықтан мұндай әрекеттердің алдын алу үшін тұрақты бақылау мен рейдтер ұйымдастырылуда, – деді Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Айдар Сламбеков.

Еске сала кетейік, 20 қазан мен 19 қараша аралығында өңірде “Браконьер” жедел алдын алу шарасы өткізілуде. Іс-шара барысында полицейлер табиғатты қорғау заңнамасының 135 бұзушылығын анықтап, оның ішінде аң аулау және балық аулау ережелерін бұзу фактілерін тоқтатты. Нәтижесінде, заңсыз ауланған 1 тоннадан астам балық тәркіленіп, жалпы сомасы 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.

Полиция азаматтарды еліміздің табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру