Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Павлодар облысы полиция департаментінің басшылығы қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі композиторы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай ұйымдастырылған дәстүрлі салтанатты шараға қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай күніне орай өткен іс-шара ұлы ойшылдың ескерткішіне тағзым етуден басталды. Жиын барысында Абай мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызы мен оның шығармаларындағы адамгершілік, білім, еңбек және рухани кемелдену идеялары туралы айтылды.

– Абай күні біз ұлы тұлғаға деген құрметімізді білдіру үшін оның ескерткішіне келеміз. Абайдың сөздері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның есімін бүкіл әлем біледі. Маған ұнайтын нақыл сөздерінің бірі – 1Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой. Бес асыл іс, көнсеңіз1, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.

Шара барысында Абайдың шығармашылық мұрасын насихаттаудың маңызы атап өтілді. Ұлы ақынның әдеби және философиялық еңбектері қазақ халқының рухани құндылықтарының ажырамас бөлігі ғана емес, адамзаттың мәдени мұрасына қосылған зор үлес екені айтылды.

Абай өз шығармаларында білім мен ғылымға ұмтылу, адал еңбек ету, адамгершілік пен жауапкершілікті биік қою секілді құндылықтарды дәріптеді. Оның терең ойлары мен тағылымды сөздері бүгінгі ұрпақ үшін де өзекті.

Салтанатты шара ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды. Бұл – қазақ халқының дара перзентіне деген құрмет пен тағзымның белгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру