Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер студенттерге криминалистердің жұмысын көрсетті

Павлодар полицейлері студенттерге криминалистердің жұмысын көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Павлодар облыстық полиция департаментінің криминалистикалық полигонында болып, тергеу барысында қолданылатын әдістермен және құрал-жабдықтармен танысты.

Полиция қызметкерлері оларға іздерді анықтау және тәркілеуде пайдаланылатын заманауи әдістерді көрсетті. Студенттер йод түтігі, Mikrosil пастасы, ДНҚ коллекторы, одорологиялық банкалар, цианоакрилат желімі сынды криминалистикалық құралдардың қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көрді.

Қатысушыларға құрал-жабдықтарды қолданып көруге де мүмкіндік берілді. Болашақ мамандар криминалист жұмысына үлкен қызығушылық танытып, бұл салаға қойылатын талаптар мен маманның бойында болуы қажет қасиеттер туралы сұрақтар қойды. Себебі криминалист тек теориялық біліммен шектелмей, белгілі бір жеке қабілеттерге де ие болуы шарт. Онсыз бұл күрделі қызметте жетістікке жету мүмкін емес.

Заң саласында білім алып жүрген студенттер үшін мұндай іс-шаралар үлкен тәжірибе. Олар полиция қызметінің ерекшеліктерін көзбен көріп, өз болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік алады.

- Бүгін біз криминалистердің жұмысымен жақын танысып, полигондағы зерттеу әдістерін көрдік. Өте қызықты ақпарат алдық. Криминалист үшін жауапкершілік, байқампаздық және егжей-тегжейге мұқият болу аса маңызды екеніне көзім жетті. Бұл сала адам психологиясына да үлкен әсер етеді. Криминалистер көбіне ауыр қылмыс орындарын тексеруге мәжбүр болады. Суицид, кісі өлтіру, өліммен аяқталған жол-көлік оқиғалары сияқты көріністер олардың қызметінің бір бөлігі. Сондықтан бұл кәсіпті игеру үшін тек ақылды болу жеткіліксіз – адамның ерік-жігері мықты, мінезі төзімді әрі жоғары адамгершілікке ие болуы қажет. Криминалистің басты ерекшелігі – эмоцияға берілмей, жағдайды салқынқандылықпен сараптай білу, – дейді студент Наиль Молдабаев.

– Біз студенттерге криминалистика мамандығы туралы жан-жақты ақпарат беріп, оларды арнайы зертханалар мен оқу сыныптарымен таныстырдық. Мұндай кездесулер жас мамандар үшін үлкен тәжірибе әрі кәсіби бағдар береді. Әрине, олардың барлығы болашақта полиция қызметкері бола қоймас, дегенмен бүгін алған білімдері құқық қорғау саласының кез келген бағытында өз пайдасын тигізері сөзсіз, – деді Павлодар облысы ПД жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Арғын Сұлтанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру