Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полиция – тәулік бойы қауіпсіздік күзетінде

Павлодар облысында патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Біз күн сайын қала көшелерінде полиция қызметкерлерін көреміз, олар туралы сериалдар мен фильмдерді тамашалаймыз. Тәуліктің кез келген уақытында, ауа райының қандай жағдайына қарамастан, облыс орталығында азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қамтамасыз етеді. Көпшілік патрульдік полиция тек көліктерді тоқтатып, жүргізушілерге құқық бұзушылықтары үшін хаттама толтырады деп ойлайды. Алайда бұл – олардың қызметінің сыртқы көрінісі ғана.

Тек мереке күндерінің өзінде Павлодар облысында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне қатысты 2403 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 1049-ы жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері болса, 19 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Павлодар қаласының өзінде 613 құқық бұзушылық анықталып, 421 шақыртуға қызмет көрсетілді.

Патрульдік полицияның жұмысы учаскелік инспекторлар мен жедел қызметкерлердің еңбегінен кем емес жауапты әрі тәулік бойы үздіксіз жүзеге асырылады. Бір ауысым таңертеңнен кешке дейін, екіншісі кештен түнге дейін, үшіншісі түннен таңға дейін қызмет атқарады.

Қызметкерлер жұмысқа ауысым басталғанға дейін бір сағат бұрын келеді. Саптық алаңда нұсқама өткізіліп, батальон басшылығы қызметкерлердің сыртқы келбетін, жарақтандырылуын және нормативтік-құқықтық актілерді білу деңгейін тексереді. Әрбір кезекшілікке түсетін экипажға өңірдегі жедел ахуал туралы мәлімет беріліп, іздеуде жүрген тұлғалар мен ұрланған автокөліктер бойынша бағдарлар жеткізіледі. Әр автопатрульге белгілі бір аумақ бекітіліп, барлық шақыртулар сол аумақ шегінде қаралады. Маршруттар күн сайын өзгеріп, қала аумағы толық қамтылады.

— Қаланың әрбір ауданы тәулік бойы полицияның бақылауында. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, "102" шақыртуларына жедел әрекет ету, түрлі жағдайларда азаматтарға көмек көрсету, жедел қызметтер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсету, қылмысқа қарсы іс-қимыл, күдіктілерді ұстау, іздеуде жүрген адамдарды анықтау, профилактикалық жұмыстар жүргізу – бұл біздің қызметіміздің бір бөлігі ғана, — деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.

Мәселен, Всеволод Иванов көшесінде Mazda автокөлігінің жүргізушісі көлікті есірткілік мас күйінде басқарған. Бұл дерек медициналық сараптамамен расталды. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс материалдары сотқа жолданды.

Командирдің айтуынша, әрбір автопатруль – біртұтас команда. Олардың басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін жедел әрі тиімді қамтамасыз ету. Сондықтан полиция қызметкерлері әрдайым кәсіби даярлықтан өткен және қиындықта көмектесе алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру