Павлодарда пробация есебінде тұрған азаматтардың жұмысқа орналасу мәселесі талқыланды
Павлодарда пробация есебінде тұрған азаматтардың жұмысқа орналасу мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының пробация қызметінде өзекті әрі сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шара Павлодар қаласының пробация қызметі мен "Антарес А" қоғамдық қорының бірлесіп ұйымдастыруымен "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық және өзге де көмек көрсету" жобасы аясында, Павлодар қаласы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ тапсырысы бойынша өткізілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтарды кәсіби білім алуға тарту арқылы олардың қоғамға бейімделуіне және жұмысқа орналасуына ықпал ету. Бүгінде тұрақты жұмыс пен мамандық иесі болу – адамның жаңа өмір бастауына және қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беретін маңызды факторлардың бірі.
Іс-шара барысында "ПрофРесурс" көпсалалы кәсіби оқыту орталығының өкілдері қатысушыларға қолжетімді оқу курстары, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар, оқу шарттары мен болашақтағы жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар қатысушылар жаңа мамандық алып, кәсіби біліктілігін арттыру мүмкіндіктерімен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған 10 азамат сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту курстарынан өтуге ниет білдірді. Оқу мерзімі бір айды құрайды. Курсты аяқтағаннан кейін қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер азаматтардың еңбекке деген ынтасын арттырып, өмірлік бағытын қайта айқындауға және қоғамға сәтті бейімделуіне үлкен мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
